Шуақ керек ақыл-ой, санаға да,

                                                                            Қуат керек данышпан, данаға да.

                                                                            Елі үшін ерінбей еңбек еткен,

                                                      Ұлықтай біл, ұстазды бағала да!     

 

         «Ұстаз болу - жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттасақ – бұл біздің өміріміздің ең шынайы әрі ғажап мәні. Өйткені, біз ұстазбыз, келешек ұрпақтың сәулетшісіміз. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Біздің шәкірттеріміз Егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық бізде қайдан арман болсын. Міне, осындай жағдайда  «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген  Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын.

         Менің айтпағым - ұстаздың өмірі, әріптестері, ғалым-педагогтар ұлағатты ұстаздың алдында дәріс тыңдаған шәкірттері, сыйласқан жора-жолдастары арасында  айта жүретіндей үлгілі өмірі;

          Менің айтпағым - адам баласының өзі ғұмыр кешкен қоғамнан тыс тұра алмайтыны сияқты, Ұстаздың да өз дәуірінің перзенті болып, қандай қоғамдық құрылым аясында өмір сүрсе де адамзат  ой-санасының деңгейіне бірден-бір көрсеткіш бола алатын білім мен ғылымның алатын орнына айрықша мән берген, өзінің саналы ғұмырын сол қасиетті де киелі іске арнағандығы;

          Менің айтпағым - ұстаздар қауымына үлгі боларлықтай білім мен ғылым соңына түскен адам дүниетанымы жағынан болсын, ой-өріс, көзқарасы жағынан болсын сана саралығы, даңғайырлық даралығы, өзі жүріп өткен жолына, қалдырған ізіне тоқмейілсімей, ізденісте жүретін, ақыл-ой таразысы мықты, толғанысы тегеурінді жан болып жүргендігі;

         Менің айтпағым - бірнеше жыл ұстаздық ғұмырында ғажайып келбеті, табысы мен жетістігі мол болса, соған сүбелі үлес қосқан, сан мыңдаған шәкірттерінің сүйікті ұстазы, талай түлектің білімді жетекшісі, өмірі мен  өнегесі мектеп тарихында алтын әріппен жазылып қалатындығы;

         Менің айтпағым - өнегелі өмірі алтын ұя мектебімен байланысты болып, ұстаздың көптеген жас ұрпақты, ғалымдар, алуан түрлі мамандықтың иелерін тәрбиелегендігі, өзінің саналы ғұмырымен шынайы басшының, даңғайыр ғалымның, шебер ұйымдастыршының қандай жан болуы керектігін дәлелдеп, үлгі етіп қалдырғандығы, Ұстаз - ардақты ат, демек, Ұстазды мақтаудың керегі жоқ, әр мектеп, әр ұжым өздерінің жақсы, білімді, тәжірибелі ұстаздарымен мақтану керектігі;

           Менің айтпағым - Ұстаз жоғары талап етушілік, даналық пен дархандықты қиыстыра білуімен ерекшеленетіндігі, өмірін туған жерге қызмет етуге арнап, жоғары адамгершілік, Отан сүйгіштікке, гуманизмге лайықты үлгі бола біліп, өзі үшін ең құнды қасиет сан мыңдаған шәкірттердің шынайы ұстазы, тәлімгері, қамқоршысы бола алғандығы;

          Ұстазға беретін баға – ол шәкірттің берген бағасы, қанша уақыт бұрын бітіріп кеткен шәкірт саған арнайы келіп сәлем беріп, сен туралы жылы лебізін білдіріп жатса үлкен мәртебе, абырой. Әр мұғалімнің сабағы оқушының жүрегінде қалып жатса, нәтижесін көрсетіп жатса, онда ұстаз еңбегінің жанғандығын көрсетеді.

         «Қазақтың қаны бір, жаны бір, жолбасшысы-мұғалім. Еліміздің аз ғана ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын-мұғалімдердікі», -деп Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев айтқан құнды сөз өз мәнін жойған жоқ.

        Ұстаз бақыты! Ел болашағының ұстаханасы деп аталатын киелі мектепте абыройлы еңбек етсе, мектеп борышы – баланы еркін, алайда өз әрекетін бақылай алатын ұстамды, заңға бағынатын Отан патриоты етіп тәрбиелеу деп түсінсек, мұғалім қызметінің мақсаты өз пәнін үйретуден гөрі тереңіректе: ол – адамды жасаушы адам деп әспеттесек, сабақ дегеніміз – мұғалім мен шәкірттің адамгершілік қарым-қатынасы деп білсек, әр адам бақытты болу үшін аз-ақ нәрселер: мықты денсаулық, толымды білім, лайықты жұмыс, ынтымақты отбасы, бірлігі мол ұжым және туған-туыс пен көрші болса, осыдан артық бақыт бар ма?!

     Алаш арыстарының  ардақтысы Әлихан Бөкейханов сынды алабын, Әлімхан мен Жақыбын ардақтайтын, Әсет ақын, шашасына шаң жұпаған Шашубай, нар тұлғалы Нарманбеттей бабаларды піріндей көретін, өнер саңлақтары Күләш пен Манарбек, Мағауия мен Аққыз сынды тума талант иелері дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының Батырлары Қазбек Нұржанов пен Нүркен Әбдіровтің Отаны - қасиетті Ақтоғай өңірінің ұстаздары да жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жатқаны ақиқат.

        «Шабытты шәкіртке – шығармашыл ұстаз» дегендей, жаңа мазмұндағы білім беру жүйесін дамытуға үздіксіз үлес қосуда шығармашылықпен жұмыс істейтін, оқытудың жаңа технологияларын шебер меңгеріп, сабақ барысында ұтымды пайдалана білетін, білімі мен білігі жоғары ұстаздар білім айдынында дарынды шәкірт дайындап, шығармашылық бағыт-бағдар беріп, қажырлы еңбектеріңіздің арқасында шәкірттеріңіздің дарындылығын дамытып, білімдерін шыңдап жатқандарыңыз үшін, өтпелі кезеңнің ауырлығына сабырлық пен шыдамдылық танытқандарыңыз үшін мың алғыс, мың тағзым! Ауданымыздың барша педагогтарын, әріптестерімді келе жатқан кәсіби мерекелері - ұстаздар күнімен- шын жүректен құттықтаймын! Сіз бен біздің мақсатымыз Еліміздің  ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастарды тәрбиелеу, білім баспалдағына жетелеудегі еңбегіңіз жемісті, абыройыңыз асқақ, беделіңіз биік болсын, Әріптес!

 

Тілеужанова Алтынай Серікқызы

Абай атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің

жоғары санатты мұғалімі, мектеп тренері,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері