Ақтоғай ауданы  Сарытерек ауылында 300  жыл  мұғалімдікті міндет тұтқан шаңырақ бар. Әулеттегі алғашқы ұстаз, әрі ақын Жабас Кеңесбаев.   Бүгінде бұл отбасы   «Ұстаздар династиясы» атанған. Жабакең 45 жыл, балалары  Бибіш 38 жыл, Қабираш 35 жыл,  Қалимаш 34 жыл, Нағима 37 жыл, Бауыржан 37 жыл, Айжан 35 жыл ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, қазіргі таңда ата жолын немерелері жалғастырып жатқан жайы бар.

Әулеттегі баба ұстаз  Жабас Кеңесбаев білімге жастайынан құмар болып, шәкірт тәрбиелеуде аянбай еңбек етеді.

 

 Ол кісі 1900 ж Семей губерниясы, Қарқаралы уезіне қарасты Тоқырауын болысының № 7 ауылында қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданыындағы Нүркен селолық округінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген.13 жасынан бастап 20 жасқа дейін ауыл мектебінде оқып, білім алған.1920 ж Қарқаралы қаласындағы педагогикалық техникумға оқуға түскен. 1923 ж педагогикалық техникумның 3-курсын аяқтаған соң, аймақтық білім бөлім озат оқушы ретінде Кедей болысының 12-ші ауылына мұғалім етіп жібереді. (Қоңырат ауданы) 1926 жылы аймақтық білім бөлімі Ақсары болысындағы «Бесоба» ауылына ( кейінде Қарқаралы ауданының Бесоба совхозы) бастауыш мектеп меңгерушісі етіп тағайындайды.1928ж Қоңырат ауданындағы «Қуаныш» бастауыш мектебінде меңгерушісі болып тағайындалады.

  1932-38 жж аралығында Қоңырат аудандық білім бөлімінде инспектор болып қызмет жасайды.1938-40 жж аралығында Қоңырат ауданының 1-май колхозындағы « Октябрь» атындағы орта мектеп директоры болады.1940-48 жж аралығында Ақтоғай селосындағы орта  мектеп директоры, 1948-50 жж Киров жетіжылдық мектебінің директоры, 1950-54 жж аралығында «5-Декабрь» атындағы жетіжылдық мектеп директоры, 1954-57 жж аралығында «Шылым» сегізжылдық мектебінің  директоры, 1957 жылдан 1961 жылға дейін Ленин колхозындағы №4 сегізжылдық орта мектеп директоры болып, 1961 жылы зейнеткерлікке шыққан.

   Ұзақ жылғы жемісті педагогикалық қызметі үшін 1945 ж 12- қарашада Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен « Қазақ ССР –не еңбек сіңірген мұғалім» атағы берілген.1949 ж 21- қаңтарда « Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1951ж 28 қыркүйекте Ленин орденімен марапатталған. Аудан мектептеріне  сіңірген еңбегі үшін 2002 ж Қазақстан  Республикасының Үкіметінің  Сарытерек орта мектебіне  Жабас Кеңесбаевтың атын берді.

   

 Жабекең бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі әке. Сол әкесінің   салып кеткен сара жолын жалғастырған  тұңғышы Жабасқызы Бибіш       М.Горкий аудандағы орыс мектебінде еңбек жолын бастап,  өмірінің соңына дейін  Балқаш қаласы Абай мектебінде 38 жыл математика пәнінен оқушыларға дәріс берген.

 Екінші қызы Қабираш Сарытерек, Қаратал, Бірлестік, Орта-Дересін, Шұбартау мектептерінде химия-биология пәні  мұғалім болып жұмыс істеп, 35 жыл  сабақ  берген.    

Үшінші қызы Жабасқызы Қалимаш еңбек жолын Чапай, Айыртас, Балқаш, Қоңырат рудник мектептерінде 34 жыл   қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беріп,   зейнетке шыққан. 

Төртінші қызы Жабасқызы Нағима қазақ тілі мен әдебиет мамандығы.  Кенелі бөлімшесінде  бастауыш мектепте мұғалім болып жұмыс бастап, зейнетке шыққанша 38 жыл бойы Сарытерек мектебінде ұстаздық қызмет жасады.    

Ұлы Бауыржан Жабасұлы Кеңесбаев 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген. Екі жыл университеттің өзінде қалып жұмыс істеп, 1979 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Сарытеректегі орта мектепте 37 жыл ұстаздық қызмет жасап келді. Осы жылдар ішінде ұстаздық жұмыспен қатар мектеп директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі  болып  қызмет жасады.

Ұрпақ оқытып, тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін 1986 жылы «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Сонымен қоса аудандық, облыстық алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталған.  

Жабакеңнің қолындағы келіні Бауыржанның жолдасы Айжанда ұстаздық қызметті  35 жыл Жабас Кеңесбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектетте химия және орыс тілі мен әдебиет  пәндерінен дәріс беріп зейнеткерлікке шыққан.   Осы еңбегімнің арқасында ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық  грамоталармен және бірнеше «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

   Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей ұлағатты ұстаздарымыздан білім алған мыңдаған шәкірттер түлеп ұшқан.

     Осындай майталман ұлағатты ардагер ұстаздарымыздың әсерлеп берген білімдері және Бауыржан мұғалімнің оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру кезіндегі құнды тәжірибелері, баланың білмегенін сыйлай отырып үйреткен эстетикалық тәрбиелері керемет еді. Ұстаздардың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық байқау, жобалардан оза шауып, мектепті  алтын белгігеде бітіріп,   айтарлықтай ел мақтанышы болған шікірттері өте көп.

      Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырағы секілді ғой осы кісілерге қарап бой түзедік,  ой түзедік   қызыға қарадық, ерен еңбектеріне сүйсіндік.  Енді ұстаздарымыздың   елеулі еңбектерін  толғанып айта берсек сөз жетпейді.

Қорыта айтсам ұстаздық парызын адал атқарған осындай ұстаздар династиясына мың алғыс айтамыз. Бойға қуат, жүрекке жарық жігер беріп, жаныңа азық, өміріңе өзек болған осындай  қасиетті ардагер  ұстаздарымыз аман болсын.

  

Жазған: Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылы,

Жабас Кеңесбаев атындағы ЖОББ мектептің

тарих пәні мұғалімі, мұражай жетекшісі

                                     ұстаздардың шәкірті Алибаева Гульназира Ферзатқызы